Жағдай жақсы болса, халық көтерілмейді
Бразилияда халық көшеге шықты. Қарсылық шеруі елдің 240 қаласын қамтыды. Талаптары – президент Дилма Русеф қызметінен кетсін дейді. Оған себеп – рецессия, инфляцияның өсуі, жұмыссыздықтың етек алуы. Мұндай жағдай қазір қайда жоқ дейсің. Рецессия, яғни өндірістің кері кетуі, құлдырауы, жұмыссыздық әлемнің көптеген елін есінен тандырып отыр. Сол үшін басшысын қуа берсе, береке сонда кетпей ме? Әлемдік дағдарыс кезінде қай жерде де ынтымақ, түсіністік, қиындыққа қарсы бірігу қажет-ау деген ой көңілге орала береді. Оның үстіне әйел басшы белден басып, қиянатқа бара қоймас деп те ойлайсың. Бірақ қарсыластардың талабында да қисын көп. Құлдырау негізінен осы социалист қайраткер Дилма Русефтің билікке келуінен, яғни, осыдан 5 жыл бұрын басталыпты. Соған қарамай, осыдан үш-төрт ай бұрын ол президент сайлауында екінші мерзімге тағы сайланған. Рас, екінші турда қарсыласын 51 пайызбен әзер жеңген. Әрине, бұл бұрынғы президентке, билік ресурстарын пайдаланған адамға тым аз. Ең қиыны – елдегі Петробраз мұнай компаниясына байланысты дау-жанжалға қатысы бар деген айыптау. Президенттің өзі бұған ешқандай қатысым жоқ, тазамын дегенді айтады. Ел прокуратурасы ел президентіне мұнауың бар деп көрсетпегенімен, биліктегі «Еңбек» партиясының көптеген саясаткерлеріне, парламент басшыларына, үкімет мүшелеріне, тіпті президенттің өз кеңесшісіне айып тағып отыр. Прокуратураның есебінше, биліктегілер 2 миллиард доллардай қаржы жымқырған. Тіпті, өзі алмағанмен, айналасындағылардың сондай болғаны үшін де, оны аңғармағаны үшін де Дилма Русефті жазғыруға болғандай-ау. Өз кезегінде биліктегілер қарсыластарын бүлікшілерге қосып, елде диктатура орнатқылары келеді деп айыптайды. Оппозиция қатарындағы әсіре оңшылдардың мақсаты заңды сайланған билікті қалай да құлату дейді. Олар диктатураны жайдан-жай еске салып отырған жоқ, бұл елде 1964 жылдан 1985 жылға дейін әскери диктатура билік құрып, елді қатаң тәртіп құрсауында ұстаған. Сөйтіп, біраз жылдан бері биліктегі социалистер халықты әсіре оншылдардың билікке келу қаупімен қорқытады. Қалың көпшіліктің талабы басқарақ. Олар биліктен әлеуметтік жағдайға көңіл аударуды талап етеді. Шеруге шыққандар қатарында тек әсіре оңшылдар ғана емес, солшыл партиялардың да өкілдері бар. Күні кеше президент сайлауына қатысып, алғашында басты үміткердің бірі болған Анна Суарес былай дейді: «Біз барлық жерде, денсаулық сақтауда да, білім беруде де тәртіп болуын қалаймыз. Содан да түк істемей отырған президенттің кетуін талап етеміз!» Оны даурықпа сөз дейін десең, президенттің рейтингі қазір 8 пайызға дейін құлдырап отыр. Әлемнің бір алып елінде (халқы 203 миллион) тыныштық кетіп тұр. Оның басқаларға да әсері болары анық. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше